COVID-19 қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз!

Мекен-жайы

Тараз қ, Желтоқсан көш, 69Б

Байланыс Телефоны

+7 (7262)54-11-27

Жұмыс уақыты

Дүйсенбі - Жұма: 09.00 - 18.00

Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті

Басты бет / Медиа / Жаңалықтар / МҰРАЖАЙ – ТАРИХ, МҰРАЖАЙ – ШЕЖІРЕ.

МҰРАЖАЙ – ТАРИХ, МҰРАЖАЙ – ШЕЖІРЕ.

«Ұлы даланың ежелгі өнері және технологиялар музейі» арнайы жобасының аясында «Шерхантану және Рухани жаңғыру» ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен Сарысу аудандық Төкен Мақашев атындағы тарихи-өлкетану мұражайына онлайн саяхат жүргізілді. Іс-шараға университеттің 100-ден аса ПОҚ мен студенттері белсенді қатысты.

Қазіргі жаһандану үдерісінің даму кезеңінде білім ордаларының негізгі қызметі жас ұрпаққа оқу мен кәсіби білім ғана беріп қоймай, жан-жақты жетілген, эстетикалық талғамы биік, рухани-адамгершілік мәдениеті жоғары, әлемдік мәдениеттен хабары бар, ұлттық құндылықтарды қадірлей білетін, отаншылдық рухтағы тұлға етіп қалыптастыру. Осыған байланысты оқу-тәрбие үдерісінде жастарды отансүйгіштікке, ерлікке, адалдыққа, елін, жерін құрметтеуге үйрету, шыншылдыққа тәрбиелеу қазіргі қоғамның басты мәселелерінің бірі. Бұл бағытта өзінің зор мүмкіндігімен тарихи-өлкетану мұражайларының атқаратын ролі жоғары деуге болады.

Мұражай-музей сөзін (мусейон) адамзаттық мәдени қолданысқа көне гректер енгізген. Олар үшін бұл орын «храм муз» даналар мен философтар жиналатын, терең ойға бататын, толғанатын орын болған. Музей гректің – museion – орын, музаға арналған орын, муза ғибадатханасы деген түсінік береді. 

Мұражай заттық және рухани құндылықтарды танытуда, ғылыми тұрғыда зерттеп, оның нәтижелерін насихаттауда, осы негізде тәлім-тәрбие беруде маңызды рөл атқарады. Мұражай ғылымның, білімнің, мәдениеттің қалыптасуына ықпал ететін ғылыми мекеме ретінде өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, тарихи сананың қалыптасуына ықпал етеді

Мұражайдың тыныс-тіршілігіне, экспонаттарының тарихына байланысты сұрақтарды тарихи-өлкетану меңгерушісі Эльмира Жұманәліқызына қойып, керемет жауаптар алдық. Профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер ең әуелі «Ұлы даланың ұлы тұлғасының» бірі екендігіне күмән тудырмайтын, мұражайға есімі берілген Төкен Мақашевтің өмірі мен қызметтік жолына, еңбектеріне, Қазақстанға, Сарысуға қандай игі істерімен танылғандығы турасында тұщымды жауаптарын берді.

«Мұражай – тарих, мұражай – шежіре. Мұражай – білім-ғылым. Сан-салалы өнер мен ғылым қоспасы – мұражай. Мәдениетті елдерде әрбір мұражайдың тарихы жазылып қатталады. Тіпті әрбір мұражайдың кезеңімен алмасып, жаңарып тұрар – экспозициясының тарихы шежіреленеді» деген көрнекті әдебиетші ғалым Құлбек Ергөбек  «Түркістан жинағы» атты кітабында.   Мұражай меңгерушісі мұражай мен мұрағаттар қорының жаңаруы мен толығып тұру процестеріне де тоқталып, мұражаймен таныстыратын 7 эскпозициялық залды аралап, тарихи-өлкетану мұражайына шолу саяхат жүргізді.

Мұражайда орналасқан 5400-ге жуық жәдігерлермен танысу, олардың тарихын тану ТИГУ студенттері үшін рухани тұрғыдан байып, тамаша мәліметтер қорымен толығуына өзінің септігін тигізді деп ойлаймыз.

«Мұражайы мен мұрағаты бар ел – келешегін ойлаған ел». Өскелең жас ұрпақ бүгінгі Тәуелсіздіктің  қандай жолмен келгенін біліп, оны құрметтеуге үйренеді. Мұражайдан алған әсеріміз шексіз.

 

«Шерхантану және Рухани жаңғыру» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Айнұр Кембаева