COVID-19 қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз!

Мекен-жайы

Тараз қ, Желтоқсан көш, 69Б

Байланыс Телефоны

+7 (7262)54-11-27

Жұмыс уақыты

Дүйсенбі - Жұма: 09.00 - 18.00

Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті

Басты бет / Медиа / Жаңалықтар

Жаңалықтар

Халықаралық Тараз инновациялық институтының «Шерхантану және рухани жаңғыру» ғылыми-зерттеу орталығы мен "Ақпараттық кітапхана орталығының" қызметкерлері «Қазақ тілі мен әдебиеті» және «Құқықтану» білім беру бағдарламаларының бірінші курс студенттерімен Тараз қаласындағы  «Руханият және тарихтану» орталығындағы құнды кітаптармен, орталық қызметкерлерінің жұмысы барысымен танысып  қайтты.

«Шерхантану және рухани жаңғыру» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Айнұр Тұрарқызы Кембаева институт баспаханасынан жарыққа шыққан «Бір кем дүние» кітабының толықтырылған нұсқасын, «Қазақтың Шерағасы» жинағының 9 томын, «Шерхантану» оқу құралын, тағы да басқа құнды кітаптарын «Руханият» орталығының кітап қорына сыйға тартты.

«Руханият және тарихтану» орталығы директорының орынбасары, танымал айтыскер ақын Ахметжан Өзбеков студенттерге бірнеше өлең оқып, Шераға жайында қызықты деректер айтты.

            Кездесу студенттер үшін  қызықты  болды.

Наурыз – жыл басы, Ұлыстың ұлы күні. Күн мен түннің, ыстық пен суықтың, қыс пен жаздың, қараңғы мен жарықтың теңелетін, жер арқасы кеңіп, күллі тіршілік әлемі қайта түлейтін табиғат мерекесі.

Наурыз - адамдардың қыс қыспағынан, жұт апатынан аман қалып, малы төлдеп, аузы аққа жаритын шаруа мерекесі.

Наурыз – жеті дәмнен Наурызкөже жасап, адамдардың бір - біріне дәм татқызып, дастарқан басында бірге отыратын ынтымақ - бірлік мерекесі.

Наурыз – жыл бойы өткен - кеткен ренішті кедергісіз кешіріп, ән - күймен, ойын - сауықпен жанды жадыратып, сананы серпілтетін көңіл мерекесі.

21.03.2021 күні қаламыздағы «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде Халықаралық Таразинновациялық институтының  ақ үйі тігіліп, Наурыз мерекесін көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды. Киіз үйде қолөнер бұйымдары мен ұлттық киімдер көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Облыс әкімі Бердібек Машбекұлы көрмедегі дүниелерге тәнті болып, жоғары бағасын берді.

Институт  ректоры Ерболат Саурықов Бердібек Сапарбаевқа оқу ордасы «Көркемөнер және сызу» мамандығы бойынша оқытушылар дайындайтынын, кейін олар балаларды халықтық қолөнерге баулитынын жеткізді. Көрмеге қойылған бұйымдардың басым бөлігі, соның ішінде ағаштан, металдан және былғарыдан жасалған дүниелер ХТИИ студенттері мен магистранттарының дипломдық жұмыстары болып табылады десек, қалғандары университет мұражайының қорынан алынған заттар. Өңір басшысының қызығушылығын оятқан бұйымдардың бірі – ыдыстарды тасымалдауға арналған, сапалы былғары қоржындар.

Көктемде жерге тал егу – игі іс. "Атадан мал қалғанша, тал қалсын" дейтін қазақ ағаш отырғызу ісіне баса мән берген. Жер тоңы жібіп, алғашқы көк дүркіреп шыға бастаған кезде шыбық қадап, тал отырғызу – сауапты іс. Өйткені, жерге шаншылған әрбір тал күтімі жақсы болса, күні ертең жапырағы дараққа айналып, жазда сая, қыста қамсау болады. Әрі экологиялық ахуалды жақсартып, қоңыржай климат қалыптастыруға әсерін тигізеді. 2021 жылдың 20 наурызында Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай Тараз қаласы аумағында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен «Таза табиғат» жобасы  аясында қала аумағында тал - дарақтар отырғызылды.

Аталмыш шараға Халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры Саурықов Ерболат Байұзақұлы қатысып, көңілге шуақ сыйлайтын көктем мерекесінде көшет отырғызу - ежелден келе жатқан игі дәстүрді жалғастырды.  Төле би даңғылының соңында шырша, қарағай, арша, қарағаш, үйеңкі, сияқты ағаш түрлерінен мыңдаған түп отырғызылды. Дана қазақ халқында  «Бабалар еккен шынарды балалар саялайды», «Дарақ бір жерде көгереді», «Бау-бақшаның қараусыз қалғаны–көк ағаштың отын болғаны», «Миуалы ағашқа бәрі де қарайды» сынды аталы сөз қалған. Олай болса болашақта осындай игі шаралар алдағы уақытта жалғасын табады деген сенімдеміз. 

 

Имидждік жұмыс және қоғаммен байланыс секторы